Басты жаңалық

Абай облысында цифрландыру қалай жүріп жатыр?

Цифрландыру – өңір дамуының жаңа бағыты

Абай облысында цифрландыру жұмыстары тек технология енгізумен шектелмей, өңірді басқару, тұрғындардың қауіпсіздігі, коммуналдық инфрақұрылым мен білім беру салаларын қамтып отыр. Бұл бағытта қандай жобалар қолға алынған, ауылдардың интернетпен қамтылуы қалай жүріп жатыр және жасанды интеллект өңір өміріне қаншалықты енгізілуде? Осы мәселелер «АйтClub» интеллектуалды клубының алғашқы отырысында талқыланды.

Отырыста цифрландыру және ақпараттық технологиялар бағытындағы жұмыстарды таныстырған Абзал Серікұлы өңірдің цифрлық трансформациясы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі мақсат – цифрлық технологияларды жекелеген жобалар деңгейінде қалдырмай, өңірді басқарудың тұтас жүйесіне енгізу.

Интернет – ауылдың да мүмкіндігі

Интернетпен қамту мәселесі облыстың цифрлық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Қазір 322 ауылдық елді мекеннің 260-ы, яғни 80%-ы сымды және мобильді интернетке қол жеткізген. Алдағы екі жылда тағы 160 ауылға талшықты-оптикалық желі тарту, 18 елді мекенді спутниктік интернетпен қамту жоспарланған.

Жоба аяқталған соң ауылдық елді-мекендерді интернетпен қамту деңгейі 96%-ға жеткізілмек. Сонымен қатар Семей қаласында 5G желісін дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта қалада 73 базалық станция жұмыс істейді, 2027 жылдың соңына дейін олардың санын 116-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Қауіпсіздікке жасанды интеллект көмектеседі

Цифрлық технологиялардың мүмкіндігі қоғамдық қауіпсіздік бағытында да пайдаланылып келеді. Облыста енгізілген AI-Антифрод жүйесі биылғы он айда 56 197 алаяқтық қоңырауды бұғаттаған. «Sergek VMS» жүйесіне қосылған 1 931 камераның 80-і бет-әлпетті тану функциясымен жабдықталған.

Алакөл жағалауында да 224 интеллектуалды камера тәулік бойы жұмыс істейді. Жүйе адамдардың көп шоғырлануын, қалыптан тыс жағдайларды және ықтимал құқықбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Цифрлық өңірге кадр керек

Технологиялық өзгерістердің нәтижелі болуы мамандарға да байланысты. Осы бағытта Семейде Tomorrow School мектебі ашылып, жастар бағдарламалау мен жасанды интеллект негіздерін меңгеруде. «AI-SANA» бағдарламасы аясында облыстың үш жоғары оқу орнында 3 569 студент оқуын аяқтаған.

Өңірде цифрлық жобаларды әзірлеуге, стартаптарды қолдауға және IT-қоғамдастықты қалыптастыруға да көңіл бөлініп отыр.

«Біздің мақсатымыз – Абай облысын цифрлық технологияларды тұтынушы өңір ғана емес, өз IT-шешімдерін әзірлеп, оларды республикалық деңгейде ұсына алатын инновациялық орталыққа айналдыру», – деді Цифрландыру және ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы.

«АйтClub» интеллектуалды клубының алғашқы отырысы өңірдің цифрлық даму бағыттарын талқылауға арналды. Клуб алдағы уақытта айына бір рет бас қосып, Абай облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және стратегиялық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауды көздейді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button