Семейде селекция орталығы ашылды

Абай облысында аграрлық ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында маңызды қадам жасалды. Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің базасында қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылды. Бұл – өңірдегі мал шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға арналған ірі бастама.
Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, университет ректоры Думан Орынбеков және сала ғалымдары қатысты. Жиында қой шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі ғылыммен тікелей байланысты болуы тиіс екені ерекше атап өтілді.

Бүгінде өңірде мал өсірушілер әртүрлі тұқымдарды будандастырып, өз бетінше нәтижеге жетуге тырысып келеді. Алайда ғылыми негізсіз жүргізілген жұмыс ұзақ мерзімді нәтиже бермейтіні белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында құрылған селекциялық орталық жоғары өнімді, сапалы жаңа қой тұқымдарын қалыптастыруға бағытталады.
Мамандардың айтуынша, кезінде Семей өңірі қой шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарда болған. Енді сол әлеуетті қайта жандандыру көзделіп отыр. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен саланы дамытуға арналған стратегиялық құжат әзірленіп, нақты жұмыстар қолға алынған.

Жаңа орталық заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда тәжірибелі ғалымдармен қатар жас мамандар да жұмыс істейді. Бұл – тек ғылыми зерттеу алаңы ғана емес, болашақ мамандарды дайындайтын маңызды база болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Абай облысын еліміздегі қой шаруашылығының жетекші орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.



