Ұлттық қордан балаларға арналған қаражат ақпан айына дейін аударылады

Ұлттық қордан балаларға арналған мақсатты жинақтарды аудару жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап мақсатты жинақтарды алу үшін берілген 205 505 өтініш толық орындалды.
Осы кезеңде жалпы сомасы 31,61 млн АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылып, кейіннен 18 жасқа толған азаматтардың банк шоттарына есептелді. Бұл қаражат заңнамада көзделген мақсаттарға – білім алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдаланылуда.
Сонымен қатар, 2025 жылғы есепті жылға арналған мақсатты талаптар мен инвестициялық табыс 2026 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей барлық қатысушылардың шоттарына есептеледі. Аталған талаптар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қарастырылған.
Бұдан бөлек, 2008 жылы туған және 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың мақсатты жинақтары да 2026 жылғы 1 ақпанға дейін олардың жеке мақсатты жинақтау шоттарына толық көлемде аударылатын болады.
Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шаралар жас азаматтардың болашағын қолдауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ұлттық байлықты әділ бөлуді көздейді.



