Мүрде салынған чемодан

Абай облысы Семей қаласында орналасқан Абай музейі – қазақ руханияты мен тарихының киелі ордасы. Биыл музейдің құрылғанына 85 жыл. Мерейтой аясында көпшіліктің назарын ерекше аударған жәдігердің бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының мүрдесі салынған чемодан. Бір қарағанда қарапайым ескі бұйым секілді көрінгенімен, оның артында үлкен тағдыр мен тарихи оқиға жатыр.
1961 жылы Шәкәрімнің ұлы Ахат әкесінің сүйегін Құрқұдықтан алып, Жидебайға жеткізіп жерлеген. Сол сапарда ол әкесінің сүйегін дәл осы чемоданға салып әкелген. Чемодан 1952 жылы Ленинградта жасалып, 1953 жылы Абай ауданының тұрғыны Кенжетілеу Доланбеков сатып алған екен. Кейін Ахат Шәкәрімұлы тарихи сәтте осы чемоданды сұрап алып, әкесінің сүйегін қасиетті Жидебай топырағына жеткізген.
Бұл оқиға туралы деректер Ахат Шәкәрімұлының және ел арасындағы естеліктерде айтылады. Ал чемоданның өзі 2017 жылы Кенжетілеу ақсақалдың ұлы Айдар Доланбеков арқылы Абай музейінің қорына тапсырылған. Ұзындығы 72 см, ені 46 см, биіктігі 24 см болатын бұл жәдігер музейдің ең ерекше экспонаттарының бірі саналады.
Музейдің 85 жылдық мерейтойы кезінде туристер мен қала қонақтары дәл осы чемоданға ерекше қызығушылық танытып отыр. Себебі ол – тек бір адамның тағдыры емес, тұтас ұлт тарихының үнсіз куәгері.
Семейге жолыңыз түссе, міндетті түрде Абай музейіне барып, осы чемоданды өз көзіңізбен көріңіз.
Ал сіз Шәкәрім мүрдесі салынған чемоданды көрдіңіз бе?



