Спорт

Еуропа, қарашы, бұл — Алаштың құрамасы!

«Елімай» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында өз алаңында «Атырау» командасымен кездесті. Семейлік футболшылар қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, биылғы маусымды төртінші орынмен түйіндеді.

Осылайша, «Елімай» УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Матчты тамашалауға арнайы келген облыс әкімі Берік Уәли футбол командасы мен жанкүйерлерді тарихи жетістікпен құттықтады.

«Енді біз үлкен футбол қалаларының қатарына қосылдық деп айтсақ та болады. Өйткені, УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алып отырмыз. Бүгін – біздің өңіріміздің тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи күн. Бұл – Семей футболының қайта өрлеуінің, жанкүйерлер сенімінің ақталуының және облыс спортына көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі. Баршаңызға белгілі, Семей – қазақ футболының отаны. Еліміздің тарихындағы ең алғашқы футбол командасы «Ярыш» тарихи қала Семейде құрылып, онда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың ойнағаны біз үшін үлкен мақтаныш. «Елімайдың» бұл тарихи жеңісі сол ертеден қалыптасқан ұлы жолдың лайықты жалғасы. Тұңғыштар мекені Семей футболының жаңа кезеңі деуге толық негіз бар. Көп жылдан бері жанкүйерлер Еуропа аренасында «Елімай» атауының қайта естілуін, өз клубының халықаралық деңгейде бақ сынауын аңсап келді. Бүгін сол көптен күткен арман ақиқатқа айналып, Семей футболының даңқы жаңа белеске көтерілді. Бұл жетістік – барша облыс тұрғындарының ортақ қуанышы әрі Абай облысы спортының жаңа кезеңінің бастауы. Баршаңызды бүгінгі тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын!», — деді аймақ басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button