Ақша емес, қолдау керек

Семейлік жас кәсіпкерлер ел тарихын заманауи нақышта насихаттап жүр.
26 жастағы Әлихан Ерсақанов пен 25 жастағы Мәди Мұхаметхан Семей қаласының тумасы. Қазақстан бойынша танымал «Alash Coffee»атты ұлттық стильдегі кофе аппараттарының негізін қалаушы. Үш жыл ішінде 370-тен астам кофе аппараты мен еліміздің бірқатар қаласында киіз үй іспетті «Арал-кофехана» атауымен танымал орындар бар. Одан бөлек ұлттық дем беретін қазақ үй негізінде жасалған павильондар ашылады.
Әлихан Ерсақановтың айтуынша, 2022 жылы бизнес серіктесімен бірге олар табысты ғана емес, қоғамға да пайдалы жоба жасауды көздеген.
«Бала кезімнен бағдарламалауға қызығатынмын. Кейін білім беру саласына бет бұрдым – бүгінде сол бағытта бірнеше жобам бар. Мәди де өз алдына шағын бизнестер жүргізіп келді. Яғни, кәсіпкерлік тәжірибеміз де бар. Бірақ бізге жай ақша табу емес, елге пайда әкелу маңызды болды», – дейді Әлихан.
Үш жыл бұрын Ыстамбұлда жүріп, түріктер өз тарихын қалай дәріптейтінін байқаған. Елдің әр бұрышында Ататүрік пен ұлттық батырларға арналған символдар ерекше әсер қалдырған. Бірақ нақты идея кейінірек, Мәскеудегі Жаңа Дон зиратына барып қайтқаннан кейін пайда болған.
«Таныстарымыз Жаңа Дон зиратында Әлихан Бөкейхан мен басқа да алашордашылардың, 30-жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарының жерленгенін айтты. Бұл деректі естігеннен соң қатты толқыдық. Қазақстандықтардың көбі өз тарихын білмейтіндігін түсіндік. Содан бастап, жобамызды ұлт тарихы мен мәдениетіне арнауды жөн көрдік», – дейді кәсіпкер.
Бастапқыда жобаны іске асыру жастар үшін оңайға соқпаған. Семейге келгеннен кейін кофе бизнесін зерттеген. Техникаларды салыстырып, әр үлгінің артықшылығын жазып отырған. Ізденістен кейін лайықты кофе аппаратын Омбы қаласынан тауып, Мәдидің көлігімен жолға шығып, елге алып келген.
«Бірақ Павлодар трассасында жол апатына түстік. Сол сәтті ұмытпаймыз. Құдай сақтап, өзіміз де, техника да аман қалды. Бұл сынақтан өтсек, ары қарай тоқтамаймыз деп уәделестік. Бұл оқиға талпынысызды одан әрі оятты.», – дейді Әлихан Ерсақанов.
Кәсіпкерлер аппаратты сынау үшін жалдамалы пәтерде күн-түн демей жұмыс істеген.
«Кофе дәмдерін сынап, дайындалу тәсілін қарастырдық. Алғаш дәмін таптып баға берген – менің жұбайым болды. Ол әр дәмнің ерекшелігін айтып, анықтауға көмектесті. Кейін алғашқы аппаратты Әлиханның оқу орталығына қойдық. Оқушылар мен манмандар кофенің дәмін татып, пікірлерін айтты. Осы тәжірибе бізге сапаны жетілдіруге үлкен үлес қосты. Кейін аппаратты Семей медицина университетіне орнаттық . Әрине, алғашында мінсіз болған жоқ. Кофе апараттарында біраз ақаулар болды. Бірақ біз тоқтамадық. Олқылықтарды түзеп, жаңа бастаманы қолға алдық.», – дейді Мәди Мұхаметхан.
«Alash Coffee» брендін даралайтын бірнеше фактор бар. Аппараттар ұлттық нақышта безендірілген: түсі мемлекеттік тумен үйлеседі, жарық шамы шаңырақ пішінінде. Аппараттың оң жағында Қазақстан тарихына арналған инфографика орналастырылған. Қазақ хандығының құрылуынан бастап, 1991 жылғы тәуелсіздікке дейінгі жылдар жазылған. Кофе дайындалып жатқан кезде қазақ күйлері онап, тарихи роликтер көрсетіледі.
Тіпті кофе стақандар да ерекше: әрқайсысында қазақтың ұлы тұлғаларының нақыл сөздері жазылған және QR-код арқылы тұлға жайлы қосымша ақпарат алуға болады.
«Біз бірден жұрт назарына іліктік. Блогерлер, соның ішінде шетелдіктер де, біз туралы жазды. Көпшілік ұлттық стилімізді жоғары бағалады. Қазір бізді тек отандастарымыз ғана емес, елімізге келген шетелдік туристер де жақсы таниды. Ал алғашқы серіктесіміз Павлодар қаласынан болды. Ол біздің құлшынымызды оятып, қазіргі кәсібіміздің дамуына өз үлесін қосқандардың бірі деп айтуға болады», – дейді Мәди күлімдеп.
Сәтті жоаның тағы бір сыры – өндірістік процестің сапалы ұйымдастырылуы. Кофе Бразилиядан, сүт өнімдері Нидерландтан жеткізіледі. Ал стақандар McDonald’s стандарттарына сай Алматыда жасалады. Аппараттар Қытайдың Ханчжоу қаласында шығарылса да, Семейде толықтыру жұмыстары жүргізіледі. Барлық керек жиһазды кәсіпкерлер өздері жасайды. Ол үшін арнайы өндіріс орны да қарастырылған.
«Кофе аппаратынан бөлек, кофе бұрыштарын орнаттық. Мұнда тек кофе емес, ұлттық тағамдар мен авторлық сусындар бар. Жобаның тұжырымдамасы тек эстетикаға ғана емес, қазақтың көшпелі дәстүріне сүйенеді. Киіз үй сияқты көшіруге болатын кофе бұрыштары да мобильді. Осындай орынды алғаш Семей медицина университетін де аштық. Бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін универитет башылығына алғысымыз шексіз.», – дейді Әлихан, бастапқы сәттерді еске алып.
Әлихан мен Мәди жақында шағын кофехана ашты. Алдағы мақсат – киіз үй іспетті павильондарды құру.
«Біз қазір киіз үй үлгісіндегі шағын павильондар дайындап жатырмыз. Мұндай нысанды Семейдің көрікті жерлеріне қойғымыз келеді. Бірақ лайықты орын табу қиын. Әкімдікке бірнеше рет бардық. Ақша сұрамаймыз, тек қолдау қажет. Бізге қала ішінде орын бөлу секілді қарапайым мүмкіндік болса жеткілікті. Өйткені мұндай ұлттық жоба Семейдің өзі үшін де бренд болар еді. Туристер Алаштың қаласына келіп, «Алаш кофе» дәмін көрсе одан артық мақтаныш бар ма?», – дейді кәсіпкерлер.
Абай облысы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тіл – татулық туы» шарасында «Ұлттық нақыштағы атау» номинациясын алғандарын мақтанышпен атап өтті. «Бұл – біз үшін үлкен қуаныш», — дейді олар.
«Себебі осындай мәртебелі марапат кәсіптегі ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықты дәріптеудің ұмтылысын мойындау деп білеміз. Бұл жетістік алдағы жобаларымызға шабыт беріп, қызметімізді одан әрі дамытуға серпін береді.», – дейді Мәди Мұхаметхан.
«Alash Coffee» жай бизнес емес. Бұл – кофе арқылы тарихты, рухты, ұлттық сана мен заманауи мәдениетті біріктірудің үлгісі. Бастысы тек табыс табу емес, қоғамға және елге пайда келтіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.



