Абай облысында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде

Абай облысында 2025 жылдың 20 қазанынан 19 қарашасына дейін табиғатты қорғау заңнамасын сақтау, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымының жолын кесу және экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Іс-шара басталғалы бері тәртіп сақшылары табиғатты пайдалану саласында 30 заңбұзушылық фактісін анықтады. Оның ішінде 14 дерек — аң аулау ережелерін бұзу бойынша тіркелген. Рейдтік жұмыстар кезінде кейбір азаматтардың рұқсат құжаттарынсыз аңшылыққа шыққаны белгілі болды. Барлық құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар балық аулау ережелерін бұзудың 8 фактісі анықталды. Тексеру барысында тыйым салынған аумақтарда, уылдырық шашу кезеңінде, сондай-ақ электр тоғын және торды қолдану арқылы балық аулау жағдайлары тіркелген.
Бұдан бөлек, есепке алынбаған қаруды сақтау және пайдалану бойынша 2 дерек анықталып, азаматтардан тіркелмеген аңшы мылтықтары тәркіленді. Оларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.
Абай облысы Полиция департаменті браконьерлікпен күрес және өңірдің табиғи ресурстарын сақтау бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыруда.



