Семейдің аялдамалары сөйлей білсе

Семей көшелеріндегі аялдамалар – уақыттың айнасы. Бірі – тот басқан, бояуы өшкен ескі аялдама, екіншісі – шыны қабырғалы, жарығы бар заманауи павильон. Бір қала, екі келбет.
Ескі аялдамалар күн мен желге тозған. Ал жаңа аялдамалар – жарық, таза, тәртіп пен қамқорлықтың белгісіндей. Алайда жаңа аялдамалар негізінен орталық көшелерге қойылған. Ал қаланың шеткі аудандарында әлі де ескі нұсқалар тұр.
Соңғы жылдары Семей көшелерінде ерекше аялдамалар пайда болды — «Туған қалам – Семей»жазуы мен ұлы Абай бейнесі бедерленген павильондар. Мұндай аялдамалар сырт көзге сәнді, ұлттық нақыш пен заманауилықтың тоғысын көрсетеді.
Бұл аялдамалар – қалаға жан берген символ іспетті. Бір қарағанда, қарапайым аялдама емес, туған жерге деген мақтаныштың белгісі секілді.
Жылы аялдама — тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орын. Ішінде жылу жүйесі, жарық шамдары мен USB-розеткалар бар. Мұндай аялдамалар қыстың қатты суығында жылу береді, жазда таза әрі көлеңкелі.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай аялдамалар көлік күту мәдениетін өзгертеді — адамдар енді тек автобус емес, ыңғайлы кеңістік күтеді.
Жаңа аялдамалар көбейіп келеді. Бірақ әр жаңаның артында бір ескінің тағдыры бар. Басты сұрақ — қашан Семейдің барлық аялдамасы жаңарып, суық темірлер тарихта қалады?




