Мұғалімдерге арналған жасанды интеллект курсы

Бүгін «Мұғалім Talks» кеңесінің қорытындысы бойынша Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың қолдауымен «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы, Абай облысының білім басқармасы және «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының бірлесуімен «Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі ретінде» атты ақпараттық кездесу өтті.
Кездесу офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, оны облыстық филиал төрағасының м.а. Майра Мұрсахан жүргізді. Білім басқармасы мен әдістемелік орталық өкілдері қатысқан шарада «Daryn Ustaz» орталығының маманы Айбат Теміржан курс мазмұны мен маңыздылығын таныстырды.
Курс барысында педагогтер сабақ жоспарларын, тестілер мен талдауларды, сондай-ақ БЖБ/ТЖБ құжаттарын жасанды интеллект көмегімен автоматтандыруды үйренеді. Икемді оқу форматы мұғалімдерге жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
Республика бойынша курсқа қатысқан ұстаздардың ішінен үздік 400 педагог Астанада өтетін ПедХакатонға жолдама алады. Ал жеңімпаз 20 ұстаз Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Онлайн курсты сәтті аяқтаған қатысушыларға 80 академиялық сағаттық ресми сертификат табысталады. Бұл құжат педагогтердің аттестациясында жарамды және «ҰСТАЗ» – Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасына енгізіледі.
Кездесудің соңында қатысушылар сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Қорытынды сөзінде Майра Мұрсахан ұстаздарды заманауи технологияларды тиімді қолдануға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және жасанды интеллектті кәсіби тәжірибесіне енгізуге шақырды.



