Дін саласына қатысты маңызды сұрақтар

Абай облысында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған екі күндік оқыту бағдарламасы өтті. 17–18 қарашада Семейдегі Бизнес және сервис колледжінде өткен семинарға өңір аудандарынан ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер және мешіт имамдары қатысты. Жалпы 150 тыңдаушы қамтылды.
Сабақтарды республикалық деңгейдегі мамандар, «Ihsan» ғылым және мәдениет орталығының сарапшылары, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушылары, жергілікті дінтанушылар мен психологтар жүргізді. Қатысушылар діни сауаттылықты түсіндірудің тиімді әдістерімен танысып, кәсіби дағдыларын жетілдірді.
Бағдарламада көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, жастар арасында радикалды көзқарастардың алдын алу және деструктивті ағым өкілдерін қоғамға бейімдеу мәселелері қарастырылды.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бұл оқыту алаңы өңір мамандарының білімін толықтырып, діни түсіндіру жұмысының сапасын арттыруға ықпал етті.



