Жаңасемей ауданы экономикасында өсім бар

2024 жылы құрылған Жаңасемей ауданы аз уақыт ішінде өз әлеуетін көрсетіп үлгерді. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштері оң нәтиже көрсетуде. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 195,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 101,1 пайыз деңгейіне жетті. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 30,9 млрд теңге болды, нақты көлем индексі 108,5 пайызды көрсетті. Инвестициялар көлемі үш есеге артып, 19,6 млрд теңгені құраса, құрылыс жұмыстары 6,5 млрд теңгеге жетті.
2025 жылға арналған аудан бюджеті 3,9 млрд теңге болып бекітілді. Оның ішінде өзіндік кірістер — 2 284,8 млн теңге, трансферттер — 1 139,2 млн теңге, несие — 382 млн теңге және пайдаланылып отырған бюджеттік қалдықтар — 129,8 млн теңге.
Агроөнеркәсіп саласы аудан экономикасында маңызды орын алады. Ағымдағы жылы ет өндірісі 15 616,6 тоннаға, сүт өндірісі 18 073 тоннаға жетті, ал 5,887 млн дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, «Eurasia Agro Semey» ЖШС тарапынан ет өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталды. Жоба құны — 7,7 млрд теңге. Жылына 11 400 тонна дайын өнім өндіруге мүмкіндік беретін бұл кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың тамызына жоспарланған.
Жалпы алғанда, Жаңасемей ауданы экономиканың түрлі бағыттары бойынша көрсеткіштерін жақсартып, даму әлеуетін нығайтып келеді.



