Ұлттық қор қаражаты балаларға қалай бөлінді?

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы бойынша балалардың жеке жинақ шоттарына қаржы аудару жалғасып жатыр. 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі дерекке сәйкес, елдегі кәмелетке толмаған шамамен 7 млн балаға орта есеппен 129–130 АҚШ доллары көлемінде қаражат есептелген.
Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Оның тетігіне сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың жинақтаушы шоттарына аударылады. Бұл қаражатқа бала 18 жасқа толғанға дейін қол жеткізе алмайды. Кәмелеттік жасқа жеткен соң жинақ баспана алуға немесе білім алу шығындарын өтеуге пайдаланылуы мүмкін.
Биылғы 11 айдың ішінде жинақталған қаражатты пайдалану үшін 222 мыңға жуық өтінім тіркелген. Соның ішінде:
- Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша 129 мың өтінім түсіп, 116 579 өтінімге жалпы сомасы 17,6 млн АҚШ доллары төленген;
- Оқу ақысын төлеу мақсатында 93 мың өтінім беріліп, 71 664 өтінім бойынша 10,7 млн АҚШ доллары аударылған.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама – балалардың болашағына арналған ұзақ мерзімді қаржылық қор қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызды жоба.



