Shakarim University жаңа даму кезеңіне өтті

Абай облысындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Shakarim University 2025 жылды жаңа басқару философиясымен қорытындылады. Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Думан Орынбеков ұсынған «THE TURNING POINT – БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ» атты есеп беру жиыны мазмұны мен форматы жағынан өзгеше болды.
Бұл жолы дәстүрлі есеп форматынан бас тартылып, университеттің дамуына тікелей жауапты басқару командасы әр бағыт бойынша нақты нәтижелер мен қабылданған шешімдерге жеке тоқталды. Ашық диалогқа негізделген формат университеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін жаңа деңгейге шығарды.
Соңғы жылда оқу орнында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Shakarim University білім беру мекемесінен ғылыми-инновациялық экожүйеге айналу бағытын айқындады. Ғылым, инженерия, агротехнология, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект бір ортада тоғысып, өңір үшін жаңа интеллектуалдық модель қалыптастыруға негіз қалады.
Қаржылық көрсеткіштер де бұл бетбұрысты айқын дәлелдейді. 2024 жылы университет табысы 7,6 млрд теңгені құраса, 2025 жылы 8,5 млрд теңгеге жетті. Ғылымды қаржыландыру көлемі 1,6 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге өсіп, оның жалпы кірістегі үлесі 40 пайыздан асты. Бұл — басымдықтардың өзгеріп, ғылымның университет дамуының өзегіне айналғанын көрсетеді.
Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа үлгідегі зертханалар, халықаралық әріптестікті кеңейту және AI SANA ұлттық жобасы аясындағы бастамалар университеттің жаһандық білім кеңістігіндегі орнын нығайта түсті. Бүгінде Shakarim University халықаралық деңгейде 21 жаңа келісімге қол қойып, академиялық мобильділік пен бірлескен зерттеулерді жүйелі жолға қойды.
«Бетбұрыс нүктесі» — өткенге есеп беру емес, болашаққа жауапкершілікпен қадам жасау. Университет даму логикасын инерциядан стратегияға, тұрақтылықтан саналы өсімге бағыттап отыр.



