Абай облысының әкімі жаңа жылдық мерекелік шараға қатысты

Семей қаласының орталық алаңында «Төрлет, Жаңа жыл!» атты мерекелік шара өтті. Іс-шара аясында Абай атындағы театр, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония және қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына арналған театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарламасын ұсынды.
Мерекелік кеш барысында алаңға жиналған жұртшылық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауын тамашалады.
Облыс әкімі Берік Уәли қала тұрғындарымен бірге орталық алаңдағы концерттік бағдарламаны және жаңа жылдық отшашуды тамашалады. Мерекелік кешке 10 мыңнан астам адам жиналды.
Биыл жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында демеушілердің қолдауымен орталық алаңдағы Арбат бойы жұлдызды аспан шамдарымен безендірілді. Сондай-ақ шаһардың әр ауданында 40-тан астам шағын архитектуралық форма орнатылып, мемлекеттік және жеке кәсіпкерлік нысандар түрлі түсті жарық шамдарымен әшекейленді.



