Басты жаңалық

Қазақстанда жүргізушісіз такси іске қосылады: пилоттық жоба қашан басталады?

Қазақстанда жүргізушісіз такси жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Министрліктің мәліметінше, бастама алдымен пилоттық режимде жүзеге асырылады және оған қатысатын барлық тараптардың рөлдері мен жауапкершілік аймақтары нақты айқындалған.

Жоба аясында жүргізушісіз көліктерді пайдалануға қажетті инфрақұрылымды бейімдеу шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, көшелік-жол желісіне қосымша жол таңбаларын салу, жаңа жол белгілерін орнату, жолаушыларды отырғызу және түсіруге арналған арнайы аймақтарды ұйымдастыру көзделген. Бұл жұмыстар қала құрылысы және көлік жоспарларын ескере отырып, Астана мен Алматы әкімдіктерімен бірлесіп жүргізіледі.

Министрліктің хабарлауынша, инфрақұрылымды дайындаудың негізгі кезеңі 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Жүргізушісіз көліктерді қалалық ортаға шығарғанға дейін бірқатар сынақ және қауіпсіздік рәсімдері орындалады. Алдымен көліктер арнайы сынақ полигонында тестіленеді. Бұдан кейін жол таңбалары, жол белгілері, бағдаршамдар мен цифрлық картография дайындалып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Сонымен қатар жол жағдайларындағы ықтимал тәуекелдер бағаланады.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Алғашқы кезеңде технологиялық шешімдер мен пайдалану сценарийлері сынақ алаңдарында пысықталады. Тек содан кейін ғана жүргізушісіз автокөліктер Астана мен Алматы қалаларының алдын ала келісілген маршруттары бойынша тұрақты бақылау және мониторинг жағдайында жолға шығады.

Министрлік жобаның басты мақсаты — жүргізушісіз таксиді енгізу кезінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және азаматтардың сенімін қалыптастыру екенін атап өтті.

Пилоттық жоба аясында жартылай және жоғары деңгейде автоматтандырылған автокөлік құралдары пайдаланылады. Бұл көліктер әлемнің ірі қалаларында коммерциялық және сынақтық режимде қолданылып, қауіпсіздігі расталған.

Жүргізушісіз көліктерді пайдалану және оларды интеграциялау inDrive және Яндекс компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар белгіленген талаптар мен рұқсат рәсімдеріне сай келетін өзге компаниялар да жобаға қатыса алады.

Пилоттық жобаны әзірлеу барысында АҚШ, Қытай және Ресейдің халықаралық тәжірибесі зерделенді. Нормативтік база ретінде көлік құралдарын автоматтандыру деңгейлерін жіктейтін ISO/SAE 22736 халықаралық стандарты қолданылады.

Жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда жауапкершілік қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеледі және міндетті әрі қосымша сақтандыру тетіктерімен қамтамасыз етіледі. Ал тарифтерді қызмет көрсетуші операторлар нарықтық жағдайларды ескере отырып өз бетінше қалыптастырады. Түпкілікті шешімдер пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қабылданады.

Пилоттық жобаны іске асыру мерзімі 3 жыл деп жоспарланған. Толық ауқымды іске қосу мәселесі пилоттың практикалық қорытындылары мен инфрақұрылымдық және реттеушілік шарттардың дайындық деңгейіне қарай жеке қаралады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі елімізде жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатынын мәлімдеген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button