Банктік деректерді бөтенге беру – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі

Абай облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы азаматтарға банктік карталарды, шот деректемелерін және оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға берудің қауіпті әрі заңмен жазаланатын әрекет екенін ескертеді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес банктік шоттарға, төлем құралдарына және өзге де сәйкестендіру деректеріне заңсыз қолжетімділік беру қылмыс болып табылады. Соңғы уақытта жүргізіліп жатқан тергеу барысында кейбір азаматтардың өз банктік картасын немесе шот деректерін «уақытша ғана» деген сылтаумен немесе ақшалай сыйақы үшін бөгде адамдарға берген жағдайлары анықталуда.
Кейін мұндай шоттар интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты аудару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру сияқты заңсыз әрекеттерге пайдаланылатыны белгілі болды. Бұл ретте азаматтардың «мен білмедім» деген уәжі қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Тергеу тәжірибесі көрсеткендей, банктік деректерді беруге келісімнің өзі құқық бұзушылық құрамын қалыптастырады.
Аталған бап бойынша айыппұл салу, қылмыстық жазалау шаралары және бас бостандығын шектеу түріндегі жауапкершілік көзделген.
Полиция департаменті азаматтарды жеке қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады. Банктік карта мен шот деректемелері – әр адамның жеке құпиясы. Оларды басқаға беру – өз еркімен қылмыстық схемаға қатысу деген сөз.
Абай облысы ПД Тергеу басқармасы азаматтарды заң талаптарын сақтауға және банктік деректерін ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға бермеуге үндейді.



