Басты жаңалық

Облыста ірі құрылыс жобаларының жүзеге асу барысы талқыланды

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдегі құрылыс нысандарының жүзеге асу барысы бойынша жиын өтті. Оған жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 354 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының көлемі 379 млрд теңгеге жетеді. Қазіргі таңда бюджет қаражаты есебінен 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар off-take келісімдері аясында білім, спорт және мәдениет бағытындағы бірқатар нысандар салынуда. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы шеңберінде 16 жоба әзірленіп жатыр.

Семей қаласындағы Водный, Бобровка және Ұшақтар кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеруде. Облыс орталығында 18 жастан асқан азаматтарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, чиптер мен электронды қондырғылар өндіретін индустриялық парк пен 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды.

Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Жеке инвесторлар есебінен Жаңасемей ауданында ірі ет комбинаты, Абай ауданында «Этно ауыл Жидебай» туристік кешені құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жиында аймақ басшысы әрбір нысанның өңір дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Барлық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ құрылысы кешеуілдеп жатқан ғимараттарға ерекше назар аударып, салаға жауапты тұлғаларға жұмысты қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.

Дереккөз: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button