Басты жаңалық

Семейде әлеуметтік орталықтың жаңа корпусы ашылды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен Семей қаласында «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жанынан 100 орындық қосымша корпус пайдалануға берілді.

Аталған орталық стационарлық жағдайда 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедек адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мекемеде 400 қызмет алушы қамтылған.

Қолданыстағы мемлекеттік стандартқа сәйкес әрбір қызмет алушыға кемінде 5 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуы тиіс. Бұған дейін орталықтағы нақты көрсеткіш 3,8 шаршы метрді құрап, талапқа толық сай болмаған. Жаңа қосымша корпус бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Құрылыс мемлекеттік арнаулы қор есебінен Семей қаласы Папанин көшесі, 36 мекенжайында жүргізілді. Жобаның құны – 2,6 млрд теңге. Жобалаушы – «Семстройпроект» ТШИ ЖШС, мердігер ұйым – «CAPITAL Story KZ» ЖШС.

Қосымша корпустың іске қосылуы санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын күшейтіп, қызмет алушылардың тұрмыс сапасын жақсартуға, медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыруға және орталық қызметкерлерінің еңбек жағдайын оңтайландыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button