Аймақ тынысы
Енді Сұлуталда ішімдік сатылмайды

Абай облысында ішімдіктен бастартқан ауылдар саны артып келеді. Қазіргі таңда өңірде алкогольден толық бас тартқан 18 елді мекен бар. Соның қатарына Ақсуат ауданындағы Сұлутал ауылы қосылды.

Шешім ауыл тұрғындарының жиналысында бір ауыздан қабылданды. Кездесуге ауыл әкімі Гүлнұр Аханжанова мен учаскелік полиция инспекторы Олжас Жақсылықов қатысты. Олар тұрғындармен бірге ішімдіктен бас тартудың пайдасын талқылады.

Бастама «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асуда. Сұлуталда 18 үй, 119 тұрғын бар. Ауыл ақсақалдары бұл қадам болашақ ұрпақ үшін жасалғанын жеткізді.
«Балаларымыз тыныш ортада өссін дедік. Сол үшін осы маңызды шешімді қабылдадық», – дейді ауыл ақсақалы.
Сұлуталдың бұл бастамасы өзгелерге де үлгі болмақ.



