Білім

Шәкәрім университетінде заманауи ғылыми инфрақұрылым кеңейді

Шәкәрім унивеиситеті базасында екі жаңа ғылыми нысан – Жылыту және салқындату зертханасы мен «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін валоризациялау» ғылыми-тәжірибелік орталығы іске қосылды.

Жылыту және салқындату зертханасы техникалық физика және жылу энергетикасы кафедрасында ашылып, жылуфизикалық қасиеттері жақсартылған заманауи жылу тасымалдағыштарды әзірлеуге бағытталған. Мұнда титан оксиді негізіндегі наносұйықтықтардың жылу өткізгіштігі, тұтқырлығы және тұрақтылығы зерттеледі. Ғылыми нәтижелер күн коллекторларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өндірістік жабдықтарды салқындату жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр. Зерттеу жұмыстары бойынша патенттер алынған, әзірлемелерді өндіріске енгізу жоспарланған. Зертхана 40 млн теңгеге жабдықталып, қосымша инвестиция тарту көзделген.

Ал «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін валоризациялау» орталығы агроөнеркәсіп өнімдері мен өндірістік қалдықтарды терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнімдер алуға маманданған. Орталықта физика-химиялық, бактериологиялық және сутек технологиялары бағытындағы зертханалар толық жұмыс істейді. Қазір мұнда PhD докторанттар мен магистранттар ғылыми ізденістер жүргізуде.

Ғалымдар өсімдік тектес қалдықтардан биосутек, биометан, биоэтанол және өзге де биоөнімдер алу бағытында зерттеулер жүргізіп, алынған өнімдерді ауыл шаруашылығында қайта қолдануды көздейді.

Жаңа зертханалардың ашылуы университеттің ғылыми әлеуетін күшейтіп, өңірлік экономиканың дамуына және ғылым мен өндіріс байланысының нығаюына серпін бермек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button