Басты жаңалық

Смарт шешімдер — өңір дамуының кепілі

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі қала құрылысы талаптарының сақталуы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға облыстық басқармалар мен департамент басшылары қатысып, аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы және сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов баяндама жасады.

Елімізде жарияланған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өңірде цифрлық трансформацияны жеделдету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынған. Осы мақсатта 2026–2030 жылдарға арналған «Смарт қала» стратегиясы бекітіліп, Семей қаласында 13, аудан орталықтарында 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік, экология және қалаларды басқару жүйесін қамтиды.

Сонымен қатар облыстың цифрлық трансформация картасы қабылданып, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, экология, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және құрылыс салаларын қоса алғанда 11 басым бағыт айқындалды. Өңірде Tomorrow School және TUMO білім беру жобалары іске қосылып, жастардың ІТ-құзыретін дамытуға мүмкіндік жасалады.

2025 жылы байланыс қызметтері көлемі 12,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 106 пайызды құрады. Автожолдар бойындағы байланыс сапасын жақсарту үшін 40 антенна-діңгек орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта 32 жоба оң қорытынды алып, қалғаны сараптамадан өтуде.

Кеңесте өңірдегі бірқатар елді мекендерде қала құрылысы құжаттарының талапқа сай жаңартылмағаны айтылды. Облыс әкімі тиісті әкімдіктерге бас жоспарларды жаңарту және заң талаптарына сәйкес келмейтін жобаларды түзету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Аймақ басшысы әлеуметтік нысандарды сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, цифрландыру халыққа қызмет сапасын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.

Облыстық басқарма мәліметіне сәйкес, 272 елді мекенді қамтитын жол картасы аясында 2023–2025 жылдары бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары кезең-кезеңімен әзірленіп жатыр. Бұл елді мекендердің жүйелі дамуына және инфрақұрылымды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button