Абай облысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген бақылау қорытындыланды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті 2025 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Департамент өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтердің сапасын заңнама талаптарына сәйкес бақылауды жүзеге асырады.
Өткен жылы барлығы 32 бақылау шарасы өткізілді. Оның 15-і жоспарлы, 17-сі жоспардан тыс тексерулер болды. Нәтижесінде 2048 заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда:
- мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу – 680 дерек;
- қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту – 471;
- құжаттар толық болмаған жағдайда қызмет көрсету – 209;
- артық құжат талап ету – 2;
- қызмет көрсету мерзімін бұзу – 2;
- өзге де бұзушылықтар – 684.
Тексерулер нәтижесінде 10 азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, жүгінген тұлғаларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Сонымен қатар жоспарлы тексерулер барысында тағы 18 қызмет алушының құқығы қорғалып, олардың ішінде жер учаскелерін жалға алу мерзімі ұзартылған.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында департамент заманауи бақылау құралдарын да қолдануда. 2025 жылы ақпараттық жүйелер арқылы жүргізілген қашықтықтан мониторинг нәтижесінде заңнама талаптарының 15 мыңнан астам бұзушылығы анықталды.
Тексерулер қорытындысы бойынша қызмет көрсетуші ұйымдарға 72 ұсыным беріліп, барлығы орындалды. Сонымен бірге 14 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бес тұлғаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша тоғыз хаттама рәсімделді.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, заңбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.



