Конституция алғаш рет қазақ тілінде жазылып жатыр

Конституциялық комиссия отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы аударма емес екенін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі ұсынылып отырған құжат әуел бастан мемлекеттік тілдің мүддесін ескеріп, қазақ тілінде жазылған.
— Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бұл аударма емес. Қолдарыңыздағы жоба о бастан мемлекеттік тілде жазылған. Екі ұшты мәселелер туындаған кезде әуелі қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынады, — деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, бұл қазақ тілінің заң тіліне айналып келе жатқанының белгісі.
— Ел тарихында тұңғыш рет Конституциямыз құқықтанушылар мен тіл мамандарының бірлескен еңбегімен басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде әзірленіп жатыр. Бұл қазақ тілінің заң тіліне айналып, аясы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді, — деді ол.



