Басты жаңалық

Абай облысында көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылға арналған жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын хабарлады.

Салық мөлшері көліктің қозғалтқыш көлеміне, түріне және кей жағдайда Қазақстан аумағында алғаш тіркелген жылына байланысты есептеледі. Есептеу айлық есептік көрсеткішке негізделеді, 2025 жылы АЕК көлемі — 3 932 теңге.

Салықты екінші деңгейлі банктер, мобильді қосымшалар, «e-Salyq Azamat» сервисі және Қазпошта бөлімшелері арқылы төлеуге болады. Салық сомасын kgd.gov.kz порталындағы калькулятор, «e-Salyq Azamat» қосымшасы немесе Telegram-дағы Salyqbot арқылы есептеуге мүмкіндік бар.

Көлік құралы иесінің көлікті сенімхатпен немесе жалға беруі салық төлеу міндетінен босатпайды. Ал заңға сәйкес, ардагерлер, марапатталған азаматтар, көпбалалы аналар және мүгедектігі бар адамдар бір көлік құралы бойынша салықтан босатылады. Бірақ бұл жеңілдік қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын, 2013 жылдан кейін тіркелген жеңіл көліктерге қолданылмайды.

Егер салық уақытында төленбесе, 2 сәуірден бастап өсімпұл есептеледі. Қарыз өтелмеген жағдайда іс сот орындаушыларына жолданып, банк шоттарын бұғаттау және елден шығуға шектеу қою шаралары қолданылуы мүмкін.

Қазіргі таңда облыста мыңдаған тұрғынның көлік салығы бойынша берешегі бар. Мамандар салықты уақытында төлеу қосымша шығындар мен шектеулердің алдын алатынын ескертеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button