
Елорда төріндегі бозкілемде білек пен жүректің апайтөс айқасы аяқталып, елдің жаңа Барысы анықталды. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өнер мен жігерді, намыс пен қауқарды тоғыстырған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы – 2026» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. 2011 жылдан бері үзілмей келе жатқан, биыл 15 жылдық толайым мерейтойын атап өткен дәстүрлі дода еліміздің ең иықты, ең қайсар балуандарын жинап, көрерменге тартысты да әсерлі сәттер сыйлады.
Ақтық сынға дейінгі белдесулердің өзі жанкүйер тынысын тарылтып, тартыстың жоғары деңгейін көрсетті. Жартылай финалда Жамбыл облысының атынан шыққан Ғалымжан Қырықбай Шымкенттің намысын қорғаған Нұрсұлтан Қожагелдіұлын шебер айласымен тізе бүктірсе, Маңғыстау облысының өкілі Жантілек Нұртілепұлы Қостанайлық апайтөс балуан Алмас Жұмағалидан басым түсіп, финалға жолдама алды. Жұбаныш кездесуінде Шымкент өкілі Нұрсұлтан Қожагелдіұлы қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің қола жүлдесі мен 1,5 миллион теңге сыйақыны місе тұтты. Ал күміс жүлдеге ие болған Ғалымжан Қырықбай 3,5 миллион теңге жүлде қорын қанжығасына байлады.
Кештің түйіні, жанкүйер қауым тағатсыздана күткен бас белдесуде Маңғыстаулық Жантілек Нұртілепұлы мен Жамбылдық Ғалымжан Қырықбай бетпе-бет келді. Секунд сайын ширыққан кілемдегі айқаста тактикалық шеберлік пен жоғары дайындық танытқан Жантілек Нұртілепұлы қарсыласынан айласын асырып, «Қазақстан Барысы – 2026» турнирінің абсолютті чемпионы атанды. Жеңімпазға елдің ең мәртебелі «Қазақстан Барысы» атағы, жарқыраған алтын белбеу, ауыспалы жеңіс нышаны «Тайтұяқ» кубогі және 15 миллион теңге көлеміндегі басты қаржылай сыйақы салтанатты түрде табысталды. Бұл жеңіс Маңғыстау күрес мектебінің абыройын асқақтатып, ұлттық спортымыздың жылнамасына алтын әріппен жазылды.



