Басты жаңалық

Абай облысында өңірлік коалиция отырысы өтті

Абай облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция аясында өңірлік коалиция мүшелерінің отырысы өтті. Басқосуға жетекші саяси партиялар мен өңірдегі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.


Қатысушылар жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл өзгерістер азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, елдің тұрақты дамуына жол ашады деген пікір айтылды.

«Жаңа Конституция – еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Ол әділеттілік қағидаттарына негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Біздің міндетіміз – осы тарихи шешімнің маңызын әр азаматқа түсіндіру», – деді Өңірлік коалиция жетекшісі, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков.


Жиында саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен қоғамдық ұйым өкілдері сөз сөйледі. Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры Айрат Базенов академиялық қауымдастық атынан пікір білдірді. Ол конституциялық өзгерістер құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері де өз пікірін білдірді.

«Конституциялық өзгерістер тек құқықтық түзетулер емес, қоғамның сапалы жаңғыруы. Ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттары өңірлік деңгейде де нақты істер арқылы көрініс табуы тиіс», – деді Абай облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков.

Кездесу барысында ұсынылып отырған өзгерістер саяси жүйені жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылым мен мәдениетті дамытуға бағытталғаны айтылды. Қатысушылар бұл бастамалар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деген пікір білдірді.


Жиында елдегі институционалдық реформаларға да назар аударылды. Қатысушылар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының нығайғанын атап өтті. Конституциялық Соттың жұмысы мен заңсыз шығарылған активтердің қайтарылуы да айтылды. Бұл қадамдар әділдік пен теңдікке негізделген жаңа саяси мәдениеттің көрінісі ретінде бағаланды.

Өңірлік коалиция құрамына партиялардың аймақтық бөлімшелері, қоғамдық бірлестіктер, депутаттар, сарапшылар, кәсіподақтар мен жастар ұйымдары енді. Бұл алаң өңірдегі белсенді азаматтарды біріктіреді.

Жақын уақытта коалиция мүшелері облыс аумағында түсіндіру жұмыстарын бастайды. Еңбек ұжымдары және тұрғындармен кездесулер өтеді. Ашық диалог ұйымдастыру жоспарланып отыр. Шалғай елді мекендер де назардан тыс қалмайды. Ұйымдастырушылар әр азаматтың дауысы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button