Басты жаңалық

Берік Уәли Президентке есеп берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады. Кездесуде өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштері қаралды.

Облыс әкімі өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткенін баяндады. Биыл қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң өсім сақталды.

Президентке инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар туралы да мәлімет берілді. Былтырдан бері инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, олардың жалпы құны 4,4 триллион теңгеге жетті.

Кездесуде «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы жаңа жылу электр орталығы мен тау-кен байыту комбинатын салу жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ құру, Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жаңғырту, инженерлік желілерді жаңарту, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы инвестиция тарту жұмысын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button