Ақсуатта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады

Ақсуат ауданында өткен жылы әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Бұл туралы Абай облысының әкімі аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
Өткен жылы Ақсуаттағы орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Көкжыра ауылында мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Биыл ауданда 48 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді. Сонымен қатар Ойшілік ауылына кіреберістегі көпір қайта жаңғыртылып, Ақсуат ауылына кіреберіс жол кеңейтілді және Қабанбай көшесіндегі жарық шамдар жаңартылды.
Алдағы кезеңде ауданда бірқатар жаңа жобалар іске асырылады. Қожагелді мен Қызылжұлдыз ауылдарында су құбыры желілері салынады. Құмкөл және Екпін ауылдарының ішкі көшелері жөнделеді. Бірнеше ауылдың даму жоспарлары сараптамадан өтеді. Ақсуат ауылындағы көшелерді жөндеуге қажетті материалдар алынады.
Сондай-ақ аудан бойынша ұлттық қауіпсіздік бөлімшесіне ғимарат салу, төтенше жағдайлар бөлімін жөндеу, ауылдық өрт сөндіру пункттерін ғимаратпен қамтамасыз ету және әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасады.
Кездесуде аудан тұрғындарының ұсыныстары тыңдалып, алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыру міндеті қойылды.



