Курчатовта өндіріс пен инвестиция көлемі артты

Абай облысының өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифиргте Курчатов қаласының 2026 жылға арналған жоспары таныстырылды. Сонымен қатар қала әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,8 млрд теңгеге жетті. Өсім 115,1 пайызды құрады. Бөлшек сауда айналымы 17,1 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш 121,7 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,5 млрд теңгеге жетті. Құрылыс-монтаж жұмыстары 6 млрд теңгені құрады. Өсім 158,6 пайыз болды.

Қала бюджетінің кірісі соңғы үш жылда тұрақты өсті. 2023 жылы бюджетке 2,1 млрд теңге түсті. 2024 жылы кіріс көлемі 2,5 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы бюджетке 2,9 млрд теңге түсті.
Қаладағы негізгі кәсіпорындардың бірі – Ұлттық ядролық орталық. Мұнда қала тұрғындарының 20 пайыздан астамы жұмыс істейді. Соңғы жылдары бюджет кірісіндегі кәсіпорын үлесі азайды. Бұл қала экономикасының әртараптанып жатқанын көрсетеді.



