Конституция жобасы: медицина қызметкерлеріне қолдау

Семей медицина университетінде Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға болашақ медицина мамандары мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Алтай Дюсупов, Зейнолла Тоқаев және Анатолий Калинкин студенттерге алдағы 15 наурызда өтетін референдумның маңызын түсіндіріп, Конституция жобасына енгізілетін өзгерістерге тоқталды.

Талқылауда денсаулық сақтау саласына қатысты нормаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы, қауіпсіз еңбек жағдайы және саланың тұрақты дамуына бағытталған мемлекеттік кепілдіктер сөз болды.

Коалиция мүшесі Зейнолла Тоқаев медицина қызметкерлерін қорғау мәселесі Конституцияның 27-бабында бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл норма медицина мамандарының қауіпсіз әрі санитарлық талаптарға сай еңбек етуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекет пен жұмыс берушілерге дәрігерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдерді азайту және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету міндеті жүктелетіні айтылды.


