Басты жаңалық

ҰБТ ережесіне өзгеріс енгізілді: тестілеу күнін ауыстыруға мүмкіндік бар

Қазақстанда Бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қол қойды. Жаңартылған ережелер талапкерлердің өтініш беру мерзімдеріне, тестілеу күнін ауыстыруға, апелляция рәсіміне және қысқартылған оқу мерзімі бойынша оқуға түсетін талапкерлерге қатысты.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, қысқартылған оқу мерзімімен білім беру бағдарламалары бойынша туыстас бағыттарға түсетін талапкерлер ҰБТ-ны жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша тапсырады. Бұл талап Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдеріне де қатысты. Ал шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларына түсетін талапкерлерге бұл норма қолданылмайды.

Ережедегі маңызды өзгерістердің бірі – тестілеу күнін ауыстыру мүмкіндігі. Егер талапкер белгіленген күні ҰБТ-ға қатыса алмаса, дәлелді себеп болған жағдайда тестілеу кезеңіндегі келесі күндердің бірінде емтихан тапсыра алады. Бұл мүмкіндік аудиторияда бос орын болғанда және тест қағаз форматында тиісті тілде өткізілген жағдайда беріледі.

Тестілеу күнін ауыстыруға мынадай жағдайлар негіз бола алады: талапкердің ауруы немесе ауруханаға жатқызылуы, жақын туысының қайтыс болуы, республикалық немесе халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобалар конкурстарына, кәсіби шеберлік байқауларына немесе спорттық жарыстарға қатысуы, сондай-ақ әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар.

Мұндай жағдайда талапкер Ұлттық тестілеу орталығы директорының атына өтініш жазып, тиісті құжаттарды ұсынуы қажет.

Сонымен қатар ҰБТ-ға өтініш беру мерзімдері де нақтыланды. Өтініштер электрондық форматта бірнеше кезең бойынша қабылданады:

20–30 желтоқсан – талапкерлердің жекелеген санаттары үшін;

15–25 ақпан – белгілі бір санаттағы талапкерлер үшін;

10–25 сәуір – мектеп түлектері мен басқа да талапкерлер үшін;

25 шілде – 5 тамыз – жекелеген санаттағы талапкерлер үшін.

Өтініш беру кезінде талапкер тестілеу пунктін, күнін және уақытын өзі таңдай алады. Егер талапкер белгіленген мерзімде тіркелмесе, дәлелді себеп болған жағдайда және аудиторияда бос орын болса, тестілеу басталғанға дейін қосымша тіркелуге мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ апелляция беру тәртібі де өзгерді. Енді тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляцияға өтініш тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беріледі. Тестілеу аяқталған соң компьютер экранында нәтижелерді талдау картасы көрсетіліп, талапкерге нәтижемен танысу үшін 10 минут уақыт беріледі.

Одан кейін талапкер «апелляцияға өту» немесе «апелляциясыз аяқтау» батырмасын таңдай алады. Егер апелляция берілсе, талапкер тапсырмалар бойынша негіздеме жазып, өтінішті жүйе арқылы жолдайды. Апелляция нәтижелері 30 жұмыс күні ішінде ұсынылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button