Президент Қаржы нарығын дамыту жөніндегі жұмыстың нәтижелерімен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына қаржы нарығын дамытудың 2025 жылғы нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер баяндалды.
Агенттік төрағасының мәліметінше, өткен жылы банк секторының орнықтылығы қамтамасыз етіліп, банктердің активтері 11 пайызға өсіп, 68,3 триллион теңгеге жетті. Капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады. Сонымен қатар банктер туралы жаңа заң және инвестициялық қорлар мен рейтингтік қызмет туралы заң жобалары әзірленді.
2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша бизнеске берілген кредит көлемі 17,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жетті. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Даму» қоры жанынан Кепілдік қоры құрылып, бүгінге дейін 505 миллиард теңге көлемінде несие кепілдіктері ұсынылды.
Тұтынушылық кредиттер беру көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмендеген. Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге берешегіне кешірім жасалды.
Қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде кредит беру кезінде қосымша қауіпсіздік тетіктері енгізіліп, алаяқтық жағдайында қарыздарды есептен шығару тәртібі кеңейтілді.
Кездесу қорытындысында Президент қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын несиелеуді арттыру және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.



