Денсаулық

Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретіндер саны қанша?

Қазақстанда адам иммунтапшылық вирусымен (АИТВ) өмір сүріп жатқан адамдар саны 37 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының» деректеріне сүйенген мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша елде АИТВ-мен өмір сүретін 37 038 адам тіркелген.

Ресми мәлімет бойынша тіркелгендердің ішінде 15 жасқа дейінгі 296 бала бар. Ал 36 742 адам 15 жастан асқан тұрғындар. Гендерлік құрылымға келсек, ер адамдардың үлесі басым. Ел бойынша 22 728 ер адам және 14 310 әйел АИТВ инфекциясымен өмір сүріп жатыр.

Статистикаға сәйкес, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар саны ірі өнеркәсіптік өңірлер мен мегаполистерде көбірек тіркелген. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында – 5 786 адам. Одан кейін Қарағанды облысында 4 786, Шығыс Қазақстан облысында 3 497 және Астана қаласында 3 087 адам тіркелген.

Сондай-ақ Алматы облысында 2 997, Қостанай облысында 2 614, Павлодар облысында 2 606 жағдай анықталған. Шымкент қаласында АИТВ-мен өмір сүретін 2 147 адам тіркелген.

Орташа көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында – 1 573, Ақмола облысында – 1 244, Жамбыл облысында – 1 214, ал Түркістан облысында – 1 139 адамды құрайды. Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында 924 жағдайдан тіркелген.

Басқа өңірлердегі көрсеткіштер төмендеу. Ақтөбе облысында 587, Маңғыстау облысында 558, Абай облысында 537 және Атырау облысында 506 адам тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 310, ал Ұлытау облысында 157 жағдай анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда АИТВ инфекциясының жаңа анықталған жағдайлары біртіндеп азайып келеді. 2023 жылы елде 3 857 жаңа жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 19,3 болған. 2024 жылы жаңа жағдайлар саны 3 805-ке дейін азайып, көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 18,8 болды. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 426 жағдайға дейін төмендеп, аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 16,9-ға жетті.

Министрліктің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 4 947 736 адам АИТВ-ге тест тапсырған. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Сонымен қатар пациенттерге психоәлеуметтік кеңес беру, сүйемелдеу және стигма мен кемсітуді азайтуға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Елде АИТВ инфекциясының алдын алуға бағытталған ұлттық және өңірлік бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында анадан балаға берілуінің алдын алу, тәуекел топтарымен жұмыс, мобильді және стационарлық сенім пункттерінің қызметі, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button