Абай облысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі талқыланды

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025 жылғы бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бағалау қорытындылары, сауда орындарын жаңғырту бойынша жол картасының орындалуы және облыста жасанды интеллектіні дамыту мәселелері қаралды.
Кеңеске облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері жиынға бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлфайруз Серікболова, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков, сондай-ақ цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндама жасады.
Қаржы басқармасы басшысының мәліметінше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында өткен жылы облысқа 68,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 154 инфрақұрылымдық нысанның құрылысына, 101 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге, сондай-ақ бірқатар мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды.

2025 жылы облыста 66 жоба пайдалануға берілді, ал 44 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сонымен қатар 5 мекеменің жарғылық капиталы ұлғайтылып, 39 техника мен 7 жабдық сатып алынды.
Өткен жылы арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен өңірде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 20 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Семей қаласында 100 орындық психоневрологиялық әлеуметтік орталық пен көпфункционалды Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Сонымен қатар су құбыры желілерінің құрылысы бойынша 21 жоба аяқталды.
Бұл нысандар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың 35 елді мекенінде 47 жоба жүзеге асырылып, 190 шақырымнан астам жол жөнделді.
Жиын барысында аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне жоспарланған жобалардың уақытында әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін кешіктірмей өткізу және бюджет қаражатын пайдалану кезінде қаржылық тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Әкім толық аяқталмаған жобалар бойынша туындаған мәселелерді жан-жақты талдап, олқылықтарды жою үшін жауапты тұлғалардың бақылауын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған нысандардың құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмаған жағдайда тиісті басшылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті.
«Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – әрбір деңгейдегі бірінші басшының басты міндеті. Басқарма басшылары мен аудан әкімдері бөлінген қаражатты игеру үшін ғана емес, нақты нәтижеге қол жеткізуге жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін жобаларды дұрыс жоспарлау қажет. Жоспарлап алып, орындамау деген болмайды», – деді Берік Уәли.
Жиын қорытындысында өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Дереккөз: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен



