Абай облысында көктемгі егіске дайындық күшейтілді

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Негізгі баяндама ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев тарапынан ұсынылды.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 299,2 мың гектары – дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары, 340,3 мың гектары – майлы дақылдар, 138 мың гектары – жем-шөп, 6,6 мың гектары – картоп, ал 5,2 мың гектары – көкөніс және бақша дақылдарына тиесілі.
Өңірде картоп алқаптарын кеңейту, жүгері егісін ұлғайту және мал шаруашылығына қажетті жем-шөп базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Майлы дақылдар көлемін өткен жылдың деңгейінде сақтау жоспарланған.
Облыс тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Қосымша 6,6 мың тонна элиталық тұқым сатып алынуда. Тыңайтқыштарды енгізу жоспары 82,9 мың тоннаны құрайды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде тыңайтқыш қолдану деңгейі 50,6 пайызға жеткен.
Көктемгі дала жұмыстарына 12 630 техника жұмылдырылады. Қазіргі таңда олардың дайындығы 90 пайызды құрайды. Жанар-жағармайға сұраныс 29,6 мың тонна болса, оның 25,9 мың тоннасы бөлінген. Сонымен қатар техника паркін жаңарту жалғасып, биыл бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Егіс науқанын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы аясында 14 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 78 шаруашылық 7,1 млрд теңгені игерген.
Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне көктемгі науқанды уақытылы әрі сапалы өткізуді, тыңайтқыш енгізу жоспарын орындауды, техниканы жаңарту және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі дер кезінде жүргізу аса маңызды», – деді Берік Уәли.



