Мыңдаған аяқ киім шығаратын фабрика

Семей қаласындағы аяқ киім фабрикасы 1941 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұнда аяқ киімнің үлгісін әзірлеуден бастап, оны тігу, өңдеу және дайын өнім ретінде шығару жұмыстары бір жерде жүзеге асады.

Кәсіпорында заманауи құрал-жабдықтармен қатар, көпжылдық тәжірибеге сүйенген дәстүрлі әдістер де қолданылады. Ай сайын шамамен 10–15 мың дана аяқ киім өндіріліп, түрлі мекемелер мен тапсырыс берушілерге жеткізіледі.
Қазіргі таңда фабрикада 100-ден аса адам еңбек етеді. Өндіріс орнында үш цех жұмыс істеп тұр.

Фабриканың тәжірибелі қызметкерлерінің бірі – Бағжан Какенова. Ол бұл салада 49 жылдан бері еңбек етеді. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған ол уақыт өте келе білікті маманға айналып, кәсіпорынның мастері атанған. Зейнетке шықса да, өндірістен қол үзбей, жұмысын жалғастырып жатыр.
Алайда кәсіпорында кадр тапшылығы мәселесі өзекті. Әсіресе жастар арасында жеңіл өнеркәсіпке қызығушылық төмен. Фабрика сапалы өнім шығарғанымен, жаңа мамандардың аздығы өндіріс үшін қиындық тудырып отыр.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласына білікті кадрлар қажет.



