Семей құрты трендке айналды

Семейде ұлттық дәмді заманауи түрде ұсынатын «Merus» бренді төрт жылдан бері жұмыс істейді. Құрт, жент, қоспа, талқан, қымыз және тойбастар өнімдері күн сайын жаңадан дайындалады.
Бренд өкілдері ұлттық тағамның құндылығын көтеріп, оны жастарға кеңінен танытуды басты мақсат еткенін айтады. «Жастар білсін. Әр үйдің дастарханында тұрсын деп өнімнің түрін көбейттік», – дейді олар.
«Merus» қалада ұлттық өнімнің кең ауқымын тұрақты түрде ұсынып отырған алғашқылардың бірі. Құрттың 54 түрі шығарылады: банан, өрік, шоколад, таңқурай қосылған тәттілері, бұрыш қосылған ащы түрлері, қақталған дәм, түйе мен ешкі сүтінен де дайындалаты құрт. Көптің сүйікті өніміне айналған «қазақтың чупа-чупсы» да осы жерде әзірленеді.
Жент пен талқан да жаңаша бағытта ұсынылады. Шоколадты, қызыл ірімімшікті, қуырылған тары, бидай ұнтағы және шоколад қосылған бидай сұранысқа ие өнімдердің қатарында. Сонымен бірге күнделікті дайындалатын айран мен йогуртты да айтуға болады. Одан бөлек сыйлыққа арналған бокс-қораптары бар. Мұның бәрі ұлттық дәмді қазіргі тұтынушыға ыңғайлы түрде жеткізу үшін жасалған.

Өнімге Ресей мен Қырғызстаннан тапсырыс беретіндер көбейген. Қалаға келген туристер қоржын алып кетуді дәстүрге айналдырыпты. Кәсіп иелері мұндай сәттердің жиі болатынын айтады. Соның бір мысалы: бүгін таңертеңгісін орыс ұлтынан келген сатып алушы қазақ құдаларына деп арнайы қоржын жинап алған. Бұл – ұлттық дәмге деген қызығушылықтың айғағы.
Өнім бағасы кей жерде жоғарырақ болуы мүмкін, бірақ табиғи дәмін өзгертпеу басты талап екенін айтты. Сондықтан пікірлер көбіне жақсы, ал тұрақты тұтынушылар саны артып келеді. Күн сайын өткізілетін ұтыс ойыны да келушілердің көңілін көтеріп, бос қайтпайтыны анық.

Семейден шыққан «Merus» бүгінде Абай облысының ортақ брендіне айналды. Табиғи ұлттық өнімді жаңа қалыпта ұсынуы – оның басты ерекшелігі және өңір үшін де жақсы үлгі.



