Ташкентті тәнті еткен «Ес-Аймақ»

Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен халықаралық «Seven Arts» фестивалінде Абай облысының «Ес-Аймақ» студент жастар театры Супер Гран-при жүлдесіне ие болды. Бұл – өңір жастарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанының айқын көрінісі.

Фестиваль аясында ұсынылған «ҰлтЖанды» қойылымы мазмұндық тереңдігімен, ұлттық құндылықтарды заманауи сахналық тілде жеткізуімен және көркемдік тұтастығымен ерекшеленді. Қойылымда тарихи сана мен рухани сабақтастық мәселелері кеңінен көрініс тауып, көрерменге ой салатын мазмұн ұсынылды.

Қойылым режиссері – Азизов Ислам Фарухұлы, авторы – Аян Салдатхан. Басты рөлдерді сомдаған Серіков Алинұр (Өзбекәлі Жәнібеков бейнесі) мен Досмұхаметов Жарас (Кеңес үкіметінің жиынтық бейнесі) сахнада кәсіби деңгейдегі актерлік шеберлік танытып, қойылымның идеялық мазмұнын әсерлі жеткізді.

Қазылар алқасы қойылымның режиссерлік шешіміне, актерлік ойын сапасына және мазмұндық тұтастығына жоғары баға беріп, ұжымды фестивальдің басты жүлдесі – Супер Гран-приге лайық деп таныды. Сонымен қатар театр ұжымы Астана қаласында өтетін гала-концертке жолдама және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Қойылым режиссері Азизов Ислам Фарухұлы бұл жетістікке қатысты былай деп атап өтті:
«Бұл фестиваль – біздің шығармашылық жолымыздағы маңызды белес. Шет елдегі алғашқы ірі сахнада өз өнерімізді лайықты деңгейде ұсынуға мүмкіндік алдық. Қазылар алқасының жоғары бағасы – ұжым еңбегінің жемісі әрі таңдаған бағытымыздың дұрыстығын айқындайтын сенімді көрсеткіш. Біз үшін сахна – тек өнер көрсету кеңістігі ғана емес, ол – рухани жауапкершілік пен аманаттың орны. Бұл жеңісті алдағы жаңа белестерге бастар серпін ретінде қабылдаймыз», – деді ол.
Аталған жетістік – Абай облысындағы жастар театрының жүйелі дамуының нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жеңіс өңірдің мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.



