Жаңа өмірді Қарабұлақта баста!

Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қаладан ауылға» жобасы ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың көші-қон белсенділігін ынталандыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Аталған жоба аясында Мақаншы ауданына қарасты Қарабұлақ ауылдық округі қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін қолайлы елді мекендердің қатарында ұсынылып отыр.
Қарабұлақ — табиғаты көркем, экологиялық ахуалы таза, өмір сүруге ыңғайлы ауыл. Мұнда тыныш тіршілік пен тұрақты өмірге қажетті негізгі алғышарттар толық қалыптасқан.
Ауылдық округте ауыл шаруашылығын дамытуға кең мүмкіндіктер бар. Құнарлы жайылымдар мен шабындықтар мал өсіруге тиімді болса, егін шаруашылығын жүргізуге де барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар тұрғындар үшін бау-бақша өсіруге арналған жер телімдері қарастырылған.
Жоба шеңберінде қоныс аударушыларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындарын өтеу мақсатында 15–30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 7 миллион теңге көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады.
Қоныс аударушыларға жайылым және шабындық жерлер беру мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар жергілікті шаруа қожалықтары тарапынан сауын сиыр мен сойыс малын беру мәселесі қарастырылған.
Еңбекпен қамту бағытында да нақты мүмкіндіктер ұсынылуда. Ауыл тұрғындары білім беру және денсаулық сақтау салаларында, ауыл шаруашылығы бағытында, сондай-ақ санаторийлерде, Алакөл демалыс аймағында (маусымдық жұмыстар), Достық және Жалаңашкөл теміржол станцияларында, көмір шахталарында (вахталық әдіспен) жұмысқа орналаса алады.
Ауыл әкімі бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды:
— Қарабұлақта еңбек етемін деген азаматтарға барлық жағдай жасалған. Біз қоныс аударушыларды қолдауға дайынбыз. Бұл жоба ауылдың дамуына тың серпін береді, — деді ол.
Жалпы, Қарабұлақ ауылдық округі қалыптасқан инфрақұрылымы мен табиғи әлеуеті арқылы тұрақты өмір сүруге және еңбек етуге қолайлы орта қалыптастырып отыр. Мұндай бастамалар ауылдардың дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Қоныс аударуға ниетті азаматтар төмендегі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:
Ауыл әкімі: 87071086300
Мектеп директоры: 87088176311

