Абай облысында 416 кг есірткі тәркіленді

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі ретінде Абай облысында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңір полицейлері бұл салада кешенді шараларды жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста есірткіге қатысты 218 құқық бұзушылық тіркелді. Заңсыз айналымнан 416 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар есірткі жеткізу арналары анықталып, олардың жолы кесілді. Қылмыстық әрекеттерге қатысы бар тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылды.
Дегенмен, қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің таралуы ерекше алаңдаушылық туғызуда. Мамандардың айтуынша, мұндай заттардың қолжетімділігі жоғары, ал олардың айналымы көбіне интернет арқылы жүзеге асады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасырын жарнамалау және тарату тәсілдері кеңінен қолданылуда.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары дәстүрлі әдістермен қатар заманауи технологияларды да белсенді енгізуде. Киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттерді анықтау, онлайн-платформаларды тұрақты мониторингтеу және есірткі бизнесінің қаржылық ағындарын бұғаттау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Мамандар есірткі қылмысына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін атап өтеді. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әрбір азаматтың сақтығы, жастардың саналы таңдауы және ата-аналардың қырағылығы ғана бұл қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.



