Ақсуатта жоғалған сәби табылды

Абай облысында жоғалып кеткен үш жасар бала бірнеше сағат ішінде аман-есен табылды. Оқиға Ақсуат ауданында тіркелген. Сәби үй ауласынан байқатпай шығып кетіп, жақындары біраз уақыт өздері іздеген. Алайда нәтиже болмаған соң, сағат 11:00 шамасында полицияға хабар берілген.
Осы сәттен бастап жедел іздестіру жұмыстары басталды. Полиция қызметкерлері аумақты толық шолып, әр бағытты тексерді. Уақыттың әр минуты маңызды болғандықтан, іздеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді.
Нәтижесінде полиция майоры, аға криминалист Бақытбек Лиясканов баланы елді мекеннен шамамен 3 шақырым қашықтықта, айдалада жалғыз жүрген жерінен тапты. Сәби қорыққанымен, аман болған.
Кейін офицер бұл сәт туралы қысқа ғана: «Мен өзімді батыр санамаймын… тек өз жұмысымды атқардым», — деп пікір білдірді.
Сағат 14:00 шамасында табылған бала дәрігерлердің тексеруінен өтіп, денсаулығына қауіп жоқ екені анықталды. Артынша ол ата-анасына тапсырылды.
Бұл оқиға — жедел әрекет пен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Ең бастысы — уақытылы іздеудің арқасында бір отбасының үміті үзілмеді.



