Президент: Кітап оқу мәдениетін күшейту қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың интернетке тәуелділігі мәселесіне алаңдаушылық білдірді.
Президенттің айтуынша, кейбір платформалардың алгоритмдері балалардың психологиясына кері әсер етіп, тәуелділік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін толықтай әлеуметтік желілерге сеніп тапсыруға болмайды.
– Балаларды тәрбиелеуде отбасы мен білім беру жүйесінің рөлі маңызды. Бұл ретте кітап оқуға баулу ерекше мәнге ие, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев кітаптың әлі де білімнің негізгі көзі екенін атап өтті. Оның сөзінше, кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, танымын тереңдетеді.
Сондай-ақ Президент елімізде Ұлттық кітап күні екінші рет атап өтілетінін жеткізді. Бұл бастама отандық кітап саласын дамытуға және сапалы шығармаларды насихаттауға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениеті ұлттың ажырамас бөлігіне айналуы керектігін атап өтті.



