Гид

Мини-сафари Семейде

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орналасқан облыстық балалар биологиялық орталығы мен зообақ — қаладағы танымдық әрі демалысқа арналған маңызды орындардың бірі. Мұнда келушілер табиғи ортаға жақын жағдайда серуендеп, жануарлар әлемімен танысуға мүмкіндік алады.

Зообақ Бейбітшілік аралы, 56 мекенжайында орналасқан. Келушілерді күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды. Кіру ақысы қолжетімді, төлем қолма-қол және QR арқылы жүзеге асырылады.

Мекемеде 50-ден астам жануар түрі бар. Олардың қатарында сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген аңдар да бар. Ерекше назар аударатын жануарлардың бірі — арыстан. Сонымен қатар құстар мен үй жануарлары ұсынылған.

Орталық аумағында дендрарий мен оқу аймақтары жұмыс істейді. Бұл бағыт балалар мен жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға негізделген.

Зообаққа қатысты келушілердің пікірлері оның күтімі мен жалпы жағдайын айқындай түседі. Әлеуметтік желі қолданушысы:

«Бұл биологиялық орталыққа бірнеше рет қана бардым. Өзім басқа қаладанмын. Әр келген сайын зообақтың тазалығы, көркі мен ұқыптылығы таңғалдырады. Барлығы мұқият күтімде, жануарлар таза. Қызметкерлер үнемі жұмыс істеп жүреді: тазалайды, жуып, сырлап, айналаны ретке келтіреді. Қатты ұнады, қайта келгің келеді. Бұл – Семейдегі шағын жұмақ бұрышы. Осы іске үлес қосып жүрген жандарға үлкен алғыс білдіремін», — деді.

Аталған пікірді өзге келушілер де қолдайды. Тағы бір пайдаланушы:

«Бұл жер өте керемет. Көптеген ірі қалалардың өзінде мұндай орындар жоқ. Семейде осындай зообақтың барына мақтанамын. Мұнда тіпті арыстан бар. Өзім ерекше әсер алдым, баруға кеңес беремін. Бағасы да қолжетімді, шамамен 1000 теңгеге дейін», — деді.

Осылайша, Бейбітшілік аралындағы зообақ қала тұрғындары үшін табиғатты тану мен тынығуды ұштастырған маңызды орын ретінде бағаланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button