Қалаға жаңа қуат көзi

Семейде энергия тапшылығын шешетін ірі жоба іске қосылды — қалада үшінші жылу электр орталығының құрылысы басталды.
Семей қаласында үшінші жылу электр орталығының (ЖЭО-3) құрылысы ресми түрде басталды. Нысан қаланың сол жағалауындағы Степной кентінде орналасады.

Жобамен «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов арнайы келіп танысты. Ол облыс әкімі Берік Уәлимен бірге құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысын бағалады.
ЖЭО-3 — өңір үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Жоспар бойынша станцияның электр қуаты 405 МВт, ал жылу қуаты 1000 Гкал/сағ болады. Бұл Семейдегі энергия тапшылығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Станция «Қаражыра» көмірімен жұмыс істейді. Құрамына төрт бу қазандығы мен үш турбогенератор кіреді. Жалпы аумағы шамамен 190 гектар.
Жоба 2025 жылы келісімшарттармен бастау алып, қазір нақты құрылыс кезеңіне өтті. Нысанды 2029 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Берік Уәли жаңа ЖЭО қала тұрғындарын тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететінін атап өтті.
Ал «Самұрық-Қазына» басшысы жобада экологияға ерекше мән берілгенін айтты. Оның сөзінше, жаңа станцияда «таза көмір» технологиялары мен заманауи газ тазарту жүйелері қолданылады. Бұл зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.
Қазір Семейде сол жағалауда 2, ал оң жағалауда 18 жылыту нысаны жұмыс істейді. Жаңа ЖЭО осы жүйеге елеулі күшейту болады.



