Басты жаңалық

Облыс әкімі полиция департаментінің нысандарын аралады

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы облыстық полиция департаментіне қарасты бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысына полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров құқық қорғау органдары ғимараттарының материалдық-техникалық жағдайы мен қызмет көрсету инфрақұрылымы туралы баяндады.

Облыс әкімі полиция департаментінің негізгі ғимаратында, Семей қалалық полиция басқармасында, ведомстволық емханада және автокөлік шаруашылығы нысанында болды.

Полиция департаментінің негізгі ғимараты 1988 жылы салынған. Қазіргі уақытта бес қабатты нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Семей қалалық полиция басқармасының ғимараты 1971 жылы пайдалануға берілген және мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ведомстволық емхана орналасқан төрт қабатты госпиталь ғимараты 1980 жылы салынған. Жалпы аумағы 2 212 шаршы метрді құрайды. Мұнда 150 кабинет жұмыс істейді. Емхана 11 мыңға жуық полиция, төтенше жағдай, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне және сала ардагерлеріне медициналық қызмет көрсетеді. Ғимаратта осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Департаменттің автокөлік шаруашылығы нысаны полиция қызметінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Биыл өңірдің құқық қорғау органдары үшін 137 жаңа қызметтік көлік сатып алу жоспарланған.

Нысандарды аралау барысында облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлердің заман талабына сай, қолайлы ғимараттарда жұмыс істеуінің маңызын атап өтті. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіні жеткізілді.

Айта кетейік, бүгінде Абай облысының полиция департаментінде 2,5 мыңға жуық адам қызмет етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button