Ақтөбе өнері Семейді тербетті

Семей сахнасында рух пен өнер тоғысты. Абай облысында өткен Ақтөбе облысының мәдениет күндері көрерменге ерекше әсер сыйлап, екі өңірдің байланысын жаңа деңгейге көтерді.
Абай атындағы театрда өткен «Алтын бесік Ақтөбеден – Ұлы Абайға құрмет» атты гала-концерт аясында қос өңірдің басшылары құттықтау сөз сөйледі. Абай облысының әкімі Берік Уәли Ақтөбеден келген ауқымды делегацияға алғыс білдіріп, бұл мәдени шара тарихи сабақтастық пен рухани жақындықтың көрінісі екенін атап өтті.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та өз сөзінде бұл сапардың мәніне тоқталып, Семейдегі басқосу өткенге тағзым, келешекке аманат екенін жеткізді. Оның айтуынша, екі өңірді ортақ құндылықтар мен рухани байланыс біріктіреді.
Концерт барысында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері, қазақ халық аспаптары оркестрі, «Аққу» би ансамблі және белгілі өнерпаздар өнер көрсетіп, көрерменге жоғары деңгейдегі бағдарлама ұсынды.

Шара аясында «Ақтөбе өңірінің тарихи мұралары» атты көрме де ұйымдастырылып, 300-ге жуық құнды жәдігер көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер өңірдің бай тарихи мұрасы мен сәулет өнерінің ерекшеліктерімен танысты.
Мәдениет күндері екі облыс арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық руханиятты дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.



