Құтқарушылар дайын: шомылу маусымы басталды

Абай облысында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Өңірде тұрғындардың шомылуы мен демалуына арналған 21 ресми орын белгіленген. Оның 15-і коммуналдық жағажай болса, 2-еуі жеке жағажай, 4-еуі демалыс және туризм орындары.
Қазір облыс бойынша жағажайлардың дайындығы тексерілуде. Құтқару бекеттері, медициналық пункттер мен арнайы құралдардың болуы бақылауға алынған.
ТЖД қызметкерлері тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. БАҚ пен әлеуметтік желілерде 200-ден астам профилактикалық материал жарияланған. Сонымен қатар SMS-хабарламалар таратылуда.
Мамыр айынан бастап су айдындарында рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Әсіресе балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда.
Биыл өңірде 16 су және 30 жаяу патруль жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 100-ден астам құтқарушы жұмылдырылады.
ТЖД мәліметінше, 2025 жылғы шомылу маусымында облыста 12 адам суға батып кеткен. Оның 4-еуі – бала. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.



