Хантавирусқа байланысты бақылау күшейді

Оңтүстік Америкадан шыққан экспедициялық кемеде хантавирустық инфекция тіркелгеннен кейін әлемде бұл вирусқа қатысты алаңдаушылық күшейді. Осыған байланысты Қазақстанда шекарадағы санитариялық бақылау күшейтіліп, шетелден келетін жолаушыларға тексеріс жүргізіліп жатыр.
2026 жылдың мамыр айында Аргентинаның Ушуайя қаласынан шыққан MV Hondius экспедициялық кемесінде хантавирустық инфекция жағдайлары анықталды. Соңғы мәлімет бойынша сегіз адамнан вирус табылған. Оның үшеуі расталған жағдай болса, бесеуі күмәнді жағдай ретінде тіркелген. Сонымен қатар үш адам қайтыс болған. Мамандардың болжамынша, жолаушылар вирус жұқтырған аймақтарға Оңтүстік Аргентинадағы экотуризм сапары кезінде барған болуы мүмкін.
Хантавирус – негізінен кеміргіштер арқылы таралатын қауіпті инфекция. Адамға көбіне вирус жұққан жануарлардың бөлінділері арқылы ауа жолымен беріледі. Ең қауіпті түрлерінің бірі саналатын Andes orthohantavirus адамнан адамға жұғатыны дәлелденген жалғыз хантавирус ретінде бағаланып отыр. Дәрігерлер бұл вирус кезінде өлім-жітім деңгейі 30–40 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтады.
Қазақстанда аса қауіпті инфекциялардың ел аумағына енуіне жол бермеу үшін мемлекеттік шекарадағы 26 өткізу пунктінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Шетелден келген жолаушылар байланыссыз термометриядан өткізіледі. Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылдың алғашқы төрт айында 2,1 миллионнан астам адам тексерілген. Дене қызуы жоғары 28 адам анықталған.
Мамандардың айтуынша, хантавирустың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет пен бастың ауруы, жөтел және ентігу жатады. Инкубациялық кезеңі жеті күннен 42 күнге дейін созылуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға кеміргіштермен байланыспауға, күмәнді азық-түлік пен суды пайдаланбауға, жабық орындарды жиі желдетуге және жеке қорғаныш құралдарын қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ шетелден келгеннен кейін денсаулық нашарлаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажеттігі ескертілді.



