Семейде интернет желісі күшейтіледі

Абай облысының әкімі Берік Уәли «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС Басқарма төрағасы Александр Бабичевпен кездесіп, өңірдегі байланыс және интернет сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында мобильді байланысты жақсарту, ауылдардағы интернет жылдамдығын арттыру, жаңа базалық станциялар орнату және туристік аймақтарды сапалы желімен қамту бағытындағы жобалар қаралды.
Қазіргі таңда облыс елді мекендерінің 68 пайызы Tele2/Altel желісімен қамтылған. Ал Семей қаласында 59 базалық 5G станциясы жұмыс істеп тұр.
Облыс әкімі цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, өңірде жаңа технологияларды енгізу жалғасатынын айтты.
Кездесу қорытындысында облыс әкімдігі мен «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы арасында байланыс және интернет инфрақұрылымын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылы Семейде 29 жаңа 5G базалық станциясы іске қосылып, қосымша 10 станция салынады. Сондай-ақ 26 станция жаңғыртылып, ауылдық елді мекендерде тағы 7 базалық станция орнатылады.
Бұдан бөлек, интернет сапасы төмен ауылдарда 3G желісін 4G форматына көшіру, Семейдегі байланыс әлсіз аймақтарды жою және Алакөл жағалауы мен Қабанбай ауылындағы интернет сапасын жақсарту жоспарланып отыр.
Соңғы үш жылда компания Абай облысының байланыс саласына 6,5 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Биыл бұл бағытқа тағы 1,2 млрд теңге бөлу көзделуде.



