Облыс әкімі Жаңасемей ауданында тұрғындармен кездесті

Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Қайнар ауылында тұрғындармен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды.
Аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов биылғы негізгі көрсеткіштерді баяндап, 14,9 мың гектар алқаптан өнім жиналғанын, көкөніс пен бақша өнімдеріне сұраныс жоғары екенін атап өтті. «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы жаңасемейлік шаруаларға 578 млн теңге несие берілген.
Ауданда құны 46,7 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асуда. Сонымен қатар 6,8 мың гектар жерде су үнемдеу технологиясы енгізілді. Жаңасемейде жылына 11,4 мың тонна ет өндіретін комбинаттың құрылысы жалғасуда.
Облыс бойынша инвестициялық жобалар саны 97-ге жетіп, жалпы көлемі 3,5 трлн теңгеге ұлғайды. Жаңасемей ауданында құны 110,7 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асуы тиіс.
Инфрақұрылым бағытында 12 жылу көзі жаңартылып, 13,6 км құбыр ауыстырылды. Приречный және Түрксіб мектептері жөнделді, 13 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ауданда 14 медициналық пункт салуға құжат әзірленуде.
Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, Қайнар ауылындағы Мәдениет үйіне музыкалық аппарат пен LED-экран берілетінін айтты. Тұрғындар аймақ басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.



